Бүгін Еуропа чемпионатының ширек финалы жалғасады. Англия мен Швейцария кездеседі. Ағылшындар Швейцарияға қарсы соңғы 10 матчында жеңілмеді. “Екінші Тайм” сайты матчқа болжам ұсынады.
Англия
Ағылшындар бұл ЕУРО-да тым сақ. Топта бірінші орын алды, бірақ үш ойынның біреуінде ғана жеңіске жетті. Алғашқы турда Сербиядан басым түсіп, кейін Даниямен және Словениямен ұпай бөлісті. Әсіресе, сол словениялықтарға қарсы матчтан кейін “үш арыстандарға” сын көп айтылды. “Қорқақ футбол” көрсетіп жатсыңдар деген айып тағылды.
1/8 финалда да Англияның ойыны жақсармады. Тіпті, турнирден ұшып кетуге сәл-ақ қалған. 95-минутта ғана Словакия қақпасына гол соғып, овертаймда жеңісті жұлып әкетті.
Бірақ әлі де болса, Гарет Саутгейттің құрамасы бұл Еуродағы төрт матчында да жанкүйерлерін әдемі ойынмен қуанта алған жоқ.
Швейцария
Бұл турнирде таңғалдырып жатқан құрамалардың бірі – Швейцария. Қиын топта екінші орын алды. Мурат Якиннің құрамасы Венгрияны 3:1 есебімен оңай жеңді. Кейін Шотландия және Германиямен ұпай бөлісті – 1:1. Немістерді жеңіп кетуге де мүмкіндігі болған, 92-минутта гол жіберіп алды.
Нағыз көрікті ойынды швейцариялықтар 1/8 финалда көрсетті. Сенсация жасады – қазіргі Еуропа чемпиондарын жарыстан шығарып тастады. Италия қақпасына жауапсыз екі тоғытты. Сөйтіп, лайық жеңіске жетті.
Өзара текетірес
Англия – Швейцарияға ыңғайсыз қарсылас. XXI ғасырда бұл құрамалар тоғыз рет кездесті: жеті рет Англия жеңсе, екі ойын тең аяқталған.
Құрамалар кейінгі рет 2022 жылы күш сынасты, сол кезде Саутгейттің командасы 2:1 есебімен жеңген еді. Англия сапында Люк Шоу мен Харри Кейн қанжығасын майлады, швейцариялықтар құрамында Эмболо көзге түсті. Бұл үш футболшы да қазір өз елінің құрамасында бар.
Болжам қандай?
Матчта гол болады дегенге сену қиын. Ағылшындар ширек финалға жеткенде ашық футбол көрсетіп кетуі екіталай. Маған ұнаған ең қарапайым болжам – Швейцария гол соғады. Швейцарияның жеке тоталы 0,5-нан көп бәсіне 1.61 коэффицент берілген.
Плэй-офф кезеңі овертаймдармен қуантып жатыр. Бүгін де жеңімпаз негізгі уақытта анықталмауы ықтимал. Негізгі уақыт тең есеппен аяқталады десеңіз, 2.98 коэффицент ұсынылған.
Өз болжамыңызды пікірге қалдыруға болады.