Мүгедектер үйі, Версаль сарайы. Олимпиадада қандай кешендер бар?

Бір аптадан соң, 25 шілдеде қазақстандық спортшылар Олимпиада медалі үшін таласқа түседі. Біздің құрама сапынан алғаш болып садақ атушылар өнер көрсетеді. Аталған спорт түрінен олимпиадалық жарыстар әйгілі Мүгедектер үйінде өтеді.

2024 жылғы Олимпиада ойындарының басым бөлігі Францияда ғана емес, бүкіл әлемде танылған нысандарда ұйымдастырылады. Olympic.kz қазақстандық олимпиадашылар сынға түсетін жерлерді назарларыңызға ұсынады.

Айта кетелік, Париж Олимпиадасында спорттың 25 түрінен 80 атлетіміз сынға түседі.

Мүгедектер үйі

Мүгедектер үйінің эспланадасы жасыл желекке толы ауқымды аймақты қамтыған. 1687 жылы салынған үй әскери госпиталь және соғыс ардагерлеріне арналған мекен ретінде де қолданылды. Бүгінде бұл бірегей ғимарат өзінің архитектурасымен, тарихымен және мұражайларымен көз тартады. Одан бөлек, мұнды жүзге жуық француз әскерінің зейнеткерлері мен мүгедектері тұрады. Әйгілі Наполеон да осы жерден мәңгілік мекенін тапқан.

Бұл нысанда қазақстандық садақ атушылар сынға түседі. Сондай-ақ, марафоншылар жарысы осы жерден аяқталып, тас жолдағы велоспорттан жекелей сын осы жерден бастау алады.

“Стад де Франс” стадионы

Бұл аренаны әрбір француз жақсы көреді. Себебі, 1998 жылы Франция құрамасы дәл осы алаңда чемпион атанып, финалда Бразилияны жеңген болатын. Сол жылы үш жолақтылардың командасында жарық жұлдыздар пайда болды. Стадионда әлі күнге дейін көптеген жарыс өткізіледі. Жазғы ойындар кезінде мұнда спорттың бірнеше түрінен бәсекелер өтеді. Біздің жанкүйерлерге жеңіл атлетика қызық болары анық. Олимпиаданың жабылу салтанаты да осында жоспарланған.

“Ролан Гаррос” теннис кешені

Әлемге әйгілі арена 1928 жылы Булон орманына жақын маңда құрылған. Стадионға француз авиаторы Ролан Гарростың есімі берілді. Жыл сайын мұнда теннистен «Үлкен дулыға» турнирі – Франция ашық чемпионаты өткізіледі. Олимпиада кезінде «Ролан Гарроста» қазақстандық теннисшілер және финалдық кезеңге өткен боксшылар сынға түседі.

«Солтүстік Париж» аренасы

Бұл нысан тоғыз залдан тұратын “Пари-Норд Вильпент” атты үлкен көрме орталығында орналасқан. Арена Сен-Дени аймағында, олимпиадалық қалашықтан 23 шақырымда тұр. Кешен аумағында бокстан іріктеу жарыстары және қазіргі бессайыстағы семсерлесу бәсекелері өтеді.

Версаль сарайы

Бұл сарай Париждің ғана емес, бүкіл Францияның символы.  Талай құпия мен шиеленіске толы нысан. Сарай және саябақ ансамблі қазіргі уақытта Париж маңы болып саналатын Версаль қаласындағы француз патшаларының  бұрынғы резиденциясы болып табылады. Патшалардың өміріне қатысты оқиғалар мен басқа да маңызды жайттардан бөлек, бұл мекен Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғаны жөнінде келісімге қол қойылған орын саналады. Бүгінде мұнда уақытша арена салынған және қазіргі бессайыс бәсекесі өтеді.

Champ de Mars аренасы

Көпшілік үшін бұл «Уақытша сарай» ретінде танымал.  Үлкен сарайды реконструкциялау кезінде, 2021 жылы салынған. Бұл нысан Париждегі Марс алаңында орналасқан және Эйфель мұнарасының аумағымен шектеседі. Бұл арена Париждегі ауқымды оқиғаларды өткізу үшін арнайы салынған. Мәселен, Chanel сән көрсетілімі осында өтті әрі бұл арена 2024 жылғы Олимпиада ойындары өтетін нысандар қатарына енген.

Champ de Mars аренасы Олимпиада кезінде  дзюдо, еркін және грек-рим күресінен жарыстарды қабылдайды.

“Берси” аренасы

Көптеген француздар мен туристердің сүйікті мекені. Бұл жерде мәдени және спорттық шаралар жиі ұйымдастырылады. Әйгілі Мадонна, Пол Маккартни  сынды әншілердің Daft Punk тобының концерті осында өткен. Аренада  теннистен «Мастерс» сериясындағы АТР турнирі өтеді. Стастистикаға сүйенсек, 1984 жылдан бері (құрылған кезі) «Берсиге»  30 миллионнан астам адам келген.

Олимпиада кезінде аталған аренада спорттық және батуттық гимнастикадан жарыстар өтеді.

Ұлттық ату орталығы

Қазақстан құрамасы үшін бұл Парижден алшақта орналасқан нысандардың бірі болмақ. Бұл орталық Франция астанасынан 300 шақырым жердегі Шатору қаласында салынған. Еуропадағы ең ірі ату орталықтарының бірі. Бұл нысанда нысана көздеу және стенд атудан жеңімпаздар анықталады.

Үлкен сарай

1900 жылы салынған, төбесі әйнек шатырмен жабылатын бірегей нысан. Архитектураның ең озық үлгілерінің бірі саналады. Құрылғалы бері бірде бір рет  реставрация жасалмаған. Қазіргі таңда 2025 жылға дейін жабық тұр. Тек Олимпиада ойындарына байланысты сарайдың үлкен залындағы жұмыстар жылдам жүріп жатыр. Мұнда таеквондо мен семсерлесу бәсекелері өтеді.

“Вер-сюр-Марн” кешені

Бұл нысан тікелей 2024 жылғы Олимпиада ойындарына арнап салынды. 2019 жылы ашылған. Есу спортына лайықталған.

Еуропадағы бірегей нысанда қазақстандықтар академиялық есу және байдарка мен каноэде есуден бақ сынайды.

“Порт-де-ла-Шапель” кешені

Бұл да жаңадан салынған нысандардың бірі. 2023 жылы ашылған. Нысан құрылысы эко-дизайнмен салынған әрі жасыл түске ерекше басымдық берілді. Аталған кешен «Париж» баскетбол клубының үйдегі аренасы. Сондай-ақ, мұнда концерттер мен түрлі спорттық оқиғалар өтіп тұрады.

Олимпиада кезінде мұнда бадминтон мен көркем гимнастика бәсекесі өтеді.

«Оңтүстік Париж» аренасы

Аталған ғимарат Олимпиада кезіндегі басты хабтардың бірі болмақ. Бұл арена жыл сайын 7,5 миллион адам келетін «Париж Экспо» көрме орталығының бір бөлігі. Мұнда бірнеше спорт түрінен жарыстар өтеді, оның ішінде, қазақстандық спортшы сынға түсетін үстел теннисі де бар.

ІІІ Александр көпірі

Бұл жер Париждің жүрегі, өнер туындысы мен архитектура ескертіші саналады. 1900 жылы ашылған. Көпір Сена өзенінің екі жағасын жалғастырады. Мұнда триатлон бәсекесі өтеді. Сондай-ақ, тас жолдағы велоспортшылардың мәресі де осында.

“Сен-Кантен-ан-Ивелин” велодромы

Бұл ғимаратта Франция велосипед спорты федерациясының штаб-пәтері орналасқан. 2014 жылы қолданысқа  берілді. Осы уақыт аралығында велодром әлем чемпионатын да, Еуропа чемпионатын да қабылдап үлгерген. Олимпиада кезінде тректегі велоспорт додасын қабылдайды.

Келісім алаңы

Бұл Париждегі ең танымал жерлердің бірі. Елисей алаңы мен Тюильри бағының ортасында орналасқан. Алаңда Олимпиадаға тұңғыш  рет енгізілген брейкинг бәсекесі өтеді.

Ле Буржедегі скалодром

Жақында салынған бұл нысанда спорттық құзға өрмелеуден жарыс өтеді. Оларға бес скалодром қолжетімді болмақ. Біреуі ғимараттың ішінде, жаттығуға арналған. Қалған төртеуі сыртта орналасқан, мұнда жарыс өткізіледі.

Арена “Ла Дефанс”

2017 жылы бірегей ғимараттың ашылуы болды. Мұнда әлемдегі  ең үлкен , аумағы 1400 шаршы метрді құрайтын интерактивті экран орналасқан. Аталған нысанда жүзуден жарыс өтеді.

Сондай-ақ, велоспорттан топтық жарыс пен марафон түрлі Париж көшелері арқылы өтеді.

Олимпиаданың ашылуы Сена өзенінде өтеді. Спортшылар шеруі қайықпен ұйымдастырылмақ. Әрбір делегация алты шақырымды еңсерген соң, Трокадеро алаңына беттейді.

Facebook
Threads
WhatsApp
VK
X
Telegram

Басты жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *