Трансгендер деп айыпталған алжирлік боксшы Иман Хелиф Париж Олимпиадасындағы италиялық қарсыласы Анджела Каринидің әрекеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды “Екінші Тайм”.
1 тамызда Олимпиаданың бокс турнирінде Карини Хелифпен жекпе-жекті бастағаннан кейін небәрі 46 секунд өткен соң кездесуді жалғастырудан бас тартқан еді. Ол “ешқашан мұндай қатты соққылар алмадым” деп мәлімдеп, рингте жылап жіберген еді. Артынша жанкүйерлер мен басылымдар алжирлік спортшыны ер адам деп айыптай бастаған еді. Олар 2023 жылы тек Халықаралық бокс қауымдастығы жасаған ДНҚ тестінің арнайы нәтижелеріне сүйенген. Бұл ұйым олимпиадалық мәртебесінен 2023 жылдың жазында айырылған, ал ХОК тестілеуді ашық емес деп таныған еді.
“Италиялық боксшы мені көптен бері жақсы біледі. Мен Италияға Ассизи қаласына жаттығу жиындарына жиі барамын. Менің көп жиыным Италияда өтті. Сол жерде жаттықтырушылар мені жас кезімнен біледі, ұлттық құрамаға кірген кезімнен бастап. Мен олармен бірге жаттықтым. Итальян боксшысы мені жеке таниды және жақсы біледі, Ассизи рингтерінде онымен бірге жаттыққан кездерім болды. Олар маған әсер ету үшін БАҚ-ты пайдаланды. Бірақ мен өз мақсаттарыма жету үшін жұмыс істей беремін,” – деп келтірді Хелифтің сөзін SNTV.
Хелиф жыныстық тестостерон тестінен және жыныстық сәйкестік критерийлерінен өте алмағандықтан, былтыр әйелдер арасындағы әлем чемпионатынан шеттетілгеніне қарамастан, Олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат етілген екі боксшының бірі саналады.
Ал Париж Олимпиадасында Хелиф жартылай финалға шығып, кем дегенде қола медальға қол жеткізді. 6 тамызда ол таиландтық Джанджай Суванафенгпен финал жолдамасын сарапқа салады.
Трансгендер ме? Боксшы Иман Хелифтің дауына нүкте қойылды