Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай туралы не белгілі?

Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының жүлдегері атанды. “Екінші Тайм” назарларыңызға Нұрбек Оралбайдың өмірбаянын ұсынады.

Нұрбектің сыңары бар – Айбек. Екеуі де боксшы, екеуі де Қазақстан құрамасының мүшесі.

Бауырлар 2000 жылдың 11 тамызында Жамбыл облысы Айша Бибі аулында дүниеге келген. Бірақ кейін отбасымен бірге Астанаға көшіп барған. Айбек дүниеге келгеннен кейін бес минуттан соң Нұрбек туған. Олар бір-біріне қатты ұқсайды. Боксшылар бізді жақын достарымыз бен туыстарымыз ғана ажырата алады деп әзілдейді. Айбектің айтуынша, кішкентай кезінде ол ауырып қалып, орнына турнирге Нұрбек шығып жұдырықтасып берген. Бірақ қазір Нұрбек 80 келіде, Айбек 92 келіде сынға түседі.

Нұрбек пен Айбектің әкесі Рахат Оралбай бұрын еркін күреспен айналысқан, сондықтан балаларының да сол спортты таңдағанын қалаған. Алайда үйірмеде бапкер оларға боксшы болуды ұсынған. Нұрбек пен Айбектің алғашқы бапкері – Асқар Еркебаев. Еркебаев әрқашан егіздермен жұмыс істегісі келгенін және оларды Олимпиада чемпионы етуді армандағанын айтады. Астанада боксшылардың әкесі үш жерде жұмыс істеп жүрген соң, 22 жастағы бапкер Асқар Еркебаев олармен тегін жұмыс істеуге дайын екенін жеткізіпті. Тегін болған соң Рахат Оралбай келісіп, балаларын бокс үйірмесіне береді.

Жігіттер Астанадағы “Алатау” спорт кешенінде жаттығып, кейін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортқа дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының оқушылары болды.

Жасөспірімдер деңгейінде Нұрбек Қазақстанда көптеген марапатқа ие болды, оның халықаралық аренадағы алғашқы жетістігі – 2017 жылғы Жасөспірімдер ойындарында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жетуі. 2018 жылы қазақстандық боксшы Венгрия астанасы Будапеште өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Нұрбектің ағасы Айбек сол әлем чемпионатында 91 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды.

Республикалық турнирлерде турнирді жүлде еншіледі. Мысалы, 2019 жылы Қазақстан Спартакиасын жеңіп алды. 2021 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Осылайша, Нұрбек Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде 2021 жылғы әлем чемпионатына аттанды. 80 келі салмақ дәрежесінде ширек финалға дейін жетті. Қазақстандық спортшы сербиялық Владимир Мирончикке есе жіберді.

Бірақ Нұрбек Оралбай 2022 жылы Аммандағы Азия чемпионатында анағұрлым табысты өнер көрсетіп, қола медальға ие болды.

2023 жылы Нұрбек қайтадан Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем чемпионатына қатысты. Бұл жолы қазақ боксшысы финалға жетті. Шешуші жекпе-жекте ол қытайлық қазақ Тоқтарбек Таңатханнан басым түсті.

Нұрбек 2024 жылдың наурызында Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен турнирде Париждегі Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Шешуші жекпе-жекте Оралбай ирландиялық Келин Кэссидиден басым түсті. Осылайша, алғаш рет жазғы Олимпиадаға барды.

Франция астанасында қазақстандық боксшы алдымен аустралиялық боксшы Каллум Петерсті жеңді. Одан кейін әзербайжандық Мурад Аллахвердиевтен айласын асырды. Жартылай финалда доминикандық Кристиан Хавьер Пиналесті қапы қалдырды. Осылайша, Париж Олимпиадасында финалға шыққан жалғыз қазақстандық боксшы болды. Ал финалда Нұрбек украиналық Александр Хижнякпен жұдырықтасып, өте тартысты жекпе-жекте 2:3 есебімен жеңілді.

Нұрбек Оралбайдың жетістіктері:

2018 жыл. Жастар арасындағы Азия чемпионаты. Күміс медаль

2018 жыл. Жастар арасындағы әлем чемпионаты. Алтын медаль

2019 жыл. Қазақстан Республикасы Спартакиадасы. Алтын медаль

2020 жыл. Қазақстан чемпионаты. Күміс медаль

2021 жыл. Қазақстан чемпионаты. Алтын медаль

2022 жыл. Аммандағы Азия чемпионаты. Қола медаль

2023 жыл. Ташкенттегі әлем чемпионаты. Алтын медаль

2024 жыл. Париждегі жазғы Олимпиада ойындары. Күміс медаль

Парижде үш “күміс”. Демеу Жадыраев туралы не белгілі?

Facebook
Threads
WhatsApp
VK
X
Telegram

Басты жаңалықтар

One Response

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Соңғы жаңалықтар