Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Париж Олимпиадасындағы жеңістерге орай Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде жазба қалдырды, деп хабарлайды “Екінші Тайм”.
«Кеше Парижде ел қоржынына екі күміс медаль түсті. Әрине, жанкүйерлер «алтын» күткені анық. Дегенмен, Олимпиаданың әр жүлдесі оңайлықпен келмейді. Спортшыларымыз бағындырған белестің бәрі – жылдар бойы төгілген тер мен еселі еңбектің нәтижесі. Сондықтан шешуші сынға дейін сүрінбей жеткен атлеттерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз үшін Елдостың алтын медалі қандай қымбат болса, Демеу, Нұрбек, Нариман бауырларымыздың «күмісі», Ғұсман ініміз бен Назым қарындасымыз және мергендеріміз олжалаған «қола» да соншалықты бағалы. Бұл жеңістің бәрі тұтас қазақ спортына тың серпін беріп, жаттығу залында жүрген мыңдаған жас спортшыға үлкен үміт сыйлағаны анық. «Жеңістің жеті атасы бар, ал, жеңіліс – жетім» дейді. Осы орайда, Парижде жүлдесіз қалған қыз-жігіттерімізге де қолдау көрсету аса маңызды. Бап пен бақ үнемі қатар шаба бермейді. Сол себепті, еліміздің намысын қорғап, жарыс жолына шыққан әр саңлаққа құрметпен қараған жөн. Олимпиада ойындары әлі аяқталған жоқ. Апта соңына дейін тағы бірқатар жүлде сарапқа салынады. Сол бәсекелерде бақ сынайтын отандастарымыз намысты қолдан бермейді деп сенеміз және соған тілекшіміз. Рухымыз асқақтап, туымыз көкте желбірей берсін!», – деп жазды Сенат төрағасы.