Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған өзбекстандық боксшы Баходир Жалолов ел президенті Шавкат Мирзиеев сыйлаған автокөлікті соғып алды, деп хабарлайды “Екінші Тайм” тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
13 тамызда әлеуметтік желіде Баходир Жалолов жаңа темір тұлпарымен жол-патрульдік полициясының автокөлігіне соғылған видеосы тарады. Жауапты органдар оқиғаға қатысты әлі ресми мәлімдеме жасамаған.
Қолда бар мәлімет бойынша, оқиға Ташкентте түнде спортшылардың Парижден Өзбекстанға оралуын мерекелеу және оларды марапаттау кезінде болған. Бокстан Олимпиада чемпионы Баходир Джалалов президент атынан 200 мың доллар, екі қабатты коттедж және Tahoe автокөлігін сыйға алды. Боксшы жаңа көлігіне мініп, адамдар лық толы автотұрақтан шығуға тырысқан. Алайда ол темір тұлпарды басқара алмай қалып, жол-патрульдік полициясының көлігіне соқтығысқан.
Еске салайық, 12 тамызда Ташкенттегі халықаралық әуежайда өзбекстандықтар Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларын салтанатты түрде қарсы алған еді. Баходир Жалолов Париж Олимпиадасында испаниялық Айюб Гадфаны жеңіп, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Жекпе-жектен соң 30 жастағы боксшы әуесқой рингтегі мансабын аяқтады. Кейін ол ендігі мақсаты туралы айтқан еді.