Испания – Англия: кім чемпион болады? Болжам

Әлем күткен күн – Еуропа чемпионатының финалы жетті. Испания мен Англия құрлықтың үздік құрамасын анықтайды. Испания 12 жыл бұрынғы жетістігін қайталай ма? Әлде ағылшындар өз тарихында алғаш рет Еуроны ала ма? “Екінші Тайм” матчқа болжам ұсынады.

Испания

Бұл Испанияның Еуродағы бесінші финалы болады. Үшеуінде “қызыл фурия” жеңіске жетті – 1964, 2008 және 2012 жылдары. Испания құрамасы бұл Еуродағы алты матчта 13 гол соқты. Рекорд француздарға тиесілі, олар 14 гол соққан еді. Де ла Фуэнте командасы финалда сол рекордты бұзуы мүмкін.

Испания В тобын оп-оңай жеңіп алды – үш матчта да үш ұпай алды. Хорватияны 3:0, Италия мен Албанияны 1:0 есебімен қапы қалдырды. 1/8 финалда Грузияны 4:1 есебімен жеңді, сол ойында қақпаға 35 соққы бағыттаған еді. Ширек финалда Германияны 2:1 есебімен жеңді – шешуші голды испандар 119-минутта салды. Жартылай финалда Францияны негізгі уақытта дәл осы есеппен тізе бүктірді.

Бұл турнирдің жұлдызы – сөзсіз, Ламин Ямаль. Кеше ғана 17 жасқа толған ол ірі турнирдің жартылай финалында ойнаған ең жас футболшы атанып, Пеленің рекордын бұзды. Бүгінде Еурода бір гол соғып, үш ассист жасады.

Финалда Испания сапында тек Педри ойнай алмайды – ол немістерге қарсы матчта жарақат алған еді. Бірақ оның орнына бабына еніп алған Дани Ольмо шығатын шығар.

Англия

Англия құрамасы өз тарихында екінші рет Еуро финалына шықты. Сарапшылар мен жанкүйерлер Саутгейттің тактикасын, ойынын сынға алғанымен, бапкер өз құрамасын тағы да финалға жеткізіп отыр.

Ағылшындар С тобын жеңіп алды. Словения (0:0) және Даниямен (1:1) тең түсіп, Сербияны 1:0 есебімен қапы қалдырды. Плэй-офф кезеңінің матчтары да оңай болмады. 1/8 финалда Словакияны овертаймда 2:1 есебімен жеңді. 95-минутта есепті теңестіре алған еді. Ширек финалда Швейцариямен 1:1 болып, пенальти сериясында ғана айласын асырды. Ал жартылай финалда Нидерланд құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Жеңіс голын 91-минутта ғана соға алған еді.

Саутгейттің командасы осы алты матчта жеті гол соғып, төрт гол жіберді. Әсіресе, плэй-офф кезеңінде міндетті түрде бірінші гол өткізіп алады. Сосын барып қана камбэк жасайды. Финалда да сондай дайындық бар шығар.

Англия құрамында жарақат алған ешкім жоқ, жартылай финалмен салыстырғанда өзгеріс қатты бола қоймас.

Өзара текетірес

Командалардың бір-бірімен кездеспегеніне алты жылдың жүзі болды. Кейінірек 2018 жылы күш сынасқан, УЕФА Ұлттар лигасының матчтары еді. Бір-бірін қонақта жеңіп шықты – Испания 2:1, Англия 3:2 есебімен басым түсті. Бірақ одан бері құрамдар үлкен өзгеріске ұшырады.

Ал Еурода құрамалар екі рет кездескен. 1980 жылы топтық кезеңде Англия 2:1 есебімен жеңді. 1996 жылы ширек финалда есеп ашылмай, ағылшындар пенальти сериясында басым болған.

Болжам қандай?

Испания да, Англия да бұл турнирде екі түрлі ойын көрсетті. Бірақ плэй-офф кезеңіндегі матчтарында бір ұқсастық бар – міндетті түрде гол соғады, міндетті түрде гол жібереді. Оның үстіне, финалда екі команда да бір-біріне есе жібермеуге тырысады. Гол көп бола қоймас, бірақ екеуі де соғады деп болжап отырмыз – 2.03 коэффициент.

Ал енді басты сұрақ: кім чемпион болады? Испания Еуропа чемпионын жоғары деңгейде өткізіп жатыр, талант пен тәжірибенің қосындысы. Ойыны түсінікті, негізгі не қосымша уақытта жеңісті жұлып әкете алады. Испания құрамасы Еуропа чемпионы болады – 1.69 коэффициент.

Facebook
Threads
WhatsApp
VK
X
Telegram

Басты жаңалықтар

3 Responses

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Соңғы жаңалықтар