Шымкентте әйелдер арасындағы FIDE Гран-приінің екінші кезеңі өз мәресіне жетті. Турнирдің нәтижесінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды “Екінші Тайм” тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
FIDE Women’s Grand Prix Series 2024-2025 турнирінің екінші кезеңінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева қола медаль жеңіп алды.
Ал аталмыш бәсекеде Александра Горячкина жеңімпаз атанды. Одан жарты ұпай аз жинаған әлемнің экс-чемпионы қытайлық Тань Чжуньи 2-орынды иеленді.
8 қарашада жарыстың жабылу іс-шарасы да салтанатты жағдайда өтіп, оған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, ФИДЕ, федерацияның және оның бас серіктесі – Freedom Holding Corp. команиясының өкілдері, танымал кәсіпкерлер мен беделді тұлғалар қатысты.
Айта кетейік, қазіргі таңда шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева жалпы FIDE Гран-приінің кестесінде 2-орында келеді. Гран-при турнирінің алғашқы кезеңі жақында Грузияның Тбилиси қаласында өткен еді.