Елдос Сметов Демеу Жадыраевтың жетістігінен жігерленгенін айтты

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 34 жасында грек-рим күресінен Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған Демеу Жадыраевтан мотивация алғанын айтты, деп хабарлайды “Екінші Тайм” тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Журналист Аслан Қаженов дзюдошы Елдос Сметовтен неге Демеу Жадыраевты “мотиватором” деп атайтынын сұрады.

“Демеу бауырымыздың Олимпиадада екінші орын алғанын бәріміз көрдік. Енді күресті осы 31 жасымызда аяқтайтын шығармыз, шал болдық деп ойладық. “Шал кет” деген сөздер де айтылды. Сондай мәселемен миымыз уланып қалған еді. Бірақ Демеу жас деген жай ғана цифрлардың ауысуы екенін дәлелдеп, абыройымызды көтерді, көк туымызды желбіретті. Әнұран ойнамаса да, көк туымыз желбіреп тұрды. Бұл бауырымыздың жеңісін көргенде “мен әлі жас екенмін ғой деген” ой туды. Демеу маған мотивация беріп, күресті әрі қарай жалғастыруыма себеп болды”, – деді Елдос Сметов. Ал Демеу Жадыраев Олимпиаданың алғашқы күні Елдос Сметов алтын медаль жеңіп алғанда арқадан ауыр жүк түскендей болғанын айтты.

“Ең бірінші күні қоржынымызға алтын түскенде өз басым қатты қуандым. Елдостың жүлдесі біздің күресімізді жеңілдетті деп ойлаймын. Өйткені қоржынымызда алтын бар, Токиодағыдай болып қалмаймыз деген ой келді. Бірінші күні қола жүлде еншілегенде қуандық, алтын медаль иеленгенде тіпті қуанған едік. Сол үшін Елдосқа рахмет”, – деді Жадыраев журналист Аслан Қаженовке берген сұқбатында.

Еске салайық, Елдос Сметов Олимпиада финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын жүлде еншіледі. Ал Демеу Жадыраев ақтық белдесуде жапон балуаны Нао Кусакаға есе жіберіп, күміс медальға ие болған еді.

Facebook
Threads
WhatsApp
VK
X
Telegram

Басты жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *