Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды “Екінші Тайм” тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші канадалық Лейла Фернандеспен бірге ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, чехиялық Катерина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда чехиялық-америкалық жұп ширақтық танытты – 6:2.
Екіншісінде қазақстандық-канадалық дуэт есе қайырды – 6:1.
Супер тай-брейкте Путинцева – Фернандес жеңісті жұлып алды – 10:6.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында екі жұп та 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
Юлия Путинцева – Лейла Фернандес финалға шығу үшін чехиялық Линда Носкова – ресейлік Диана Шнайдермен таласады.
Ю.Путинцева жекелей сында үшінші айналымда әлемнің 37-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаға 4:6, 4:6 есебімен жол беріп, ширек финалдан тыс қалды.
Бір сағат 41 минутқа созылған матчта Юлия 2 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Бадоса 7 эйс, 5 брейкпен (12 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Жекелей сында ұтылып қалғанына қарамастан, Ю.Путинцева қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 33-тен 30-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде сенсация жасап, Путинцеваның әлемнің 2-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати турнирінің ширек финалына шықты.
Жібек Құламбаева Сербияда сенсация жасап, жартылай финалға шықты.