Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионатының бірінші турының ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды “Екінші Тайм” тілшісі Sport+ сайтына сілтеме жасап.
Ел біріншілігінде “Тұран” (Түркістан), “Қуаныш” (СҚО), “Жетісу” (Талдықорған), “Берел” (ШҚО), “Алматы”, “Ару-Астана”, “Қарағанды”, “Ақтөбе”, “Грация KZ” (Орал), “Ертіс” (Павлодар), барлығы 10 команда бақ сынауда.
Бірінші тур аясында биылғы Қазақстан кубогының иегері “Жетісу” (Талдықорған) мен ел чемпионы “Тұран” (Түркістан) командалары арасында Суперкубок ойнатылды.
Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті – 25:14. Екінші сетте Асқар Шалқыбековтің шәкірттері қарсыласып баққанмен, “Жетісу” өзінікін алды – 26:24. Содан кейін өз дегендеріне жетті – 25:17. Жалпы есеп, 3:0, “Жетісу” Қазақстан суперкубогын төртінші рет жеңіп алды.
Алғашқы күні тағы бір маңызды ойын “Берел” мен “Қуаныш” арасында өтіп, онда алаң иелері 3:1 (17:25, 25:22, 25:21, 25:16) есебімен жеңіске жетті.
Өскемендегі бірінші тур ойындары 14 қарашада аяқталады.