“Реал Мадрид” футбол клубы УЕФА Суперкубогы үшін өткен ойында “Аталанта” ұжымын жеңді. Бұл ойында франциялық футболшы Килиан Мбаппе мадридтік команда сапында дебют жасап, алғашқы голын соқты, деп хабарлайды “Екінші Тайм” тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Варшавадағы (Польша) ұлттық стадионда өткен матч 2:0 есебімен аяқталды. 59-минутта Федерико Вальверде есеп ашса, 68-минутта Килиан Мбаппе мергендік танытты. Бұл Мбаппенің мадридтік клубтағы алғашқы голы болды.
Осылайша, “Реал Мадрид” командасы алтыншы мәрте УЕФА Суперкубогын жеңіп алды. Бұл осы турнирдің рекордтық көрсеткіші саналады. Испаниялық “Барселона” мен италиялық “Миланның” еншісінде бес Суперкубоктан бар.
Килиан Мбаппе “Реал Мадридтің” жаңа ойыншысы ретінде ресми түрде таныстырылған еді. Ол жаңа клубымен 5 жылға келісімшартқа отырды. 25 жастағы футболшы 2017 жылдан 2024 жылға дейін франциялық “ПСЖ” командасында ойнаған болатын.