Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды “Екінші Тайм”.
80 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Оралбай финалда украиналық Александр Хижнякпен жекпе-жек өткізді. Оралбай бірінші және үшінші раундтарда қарсыласына жол берді – 2:3.
Осылайша, қазақстандық боксшы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін иеленді.
Нұрбек бұған дейін аустралиялық боксшы Каллум Петерсті жеңген еді. Одан кейін әзербайжандық Мурад Аллахвердиевтен айласын асырған. Жартылай финалда ол доминикандық Кристиан Хавьер Пиналесті қапы қалдырған болатын.
Еске салайық, бұған дейін балуан Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған еді.
47