Қазақстанның олимпиадалық делегациясы Париждегі өз қызметін жалғастыруда. 2024 жылғы Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті және Халықаралық Олимпиада комитеті өкілдерімен бірлесе отырып, спортшылардың күтіп алу және орналастыру жұмыстары атқарылды. Олимпиада қарсаңындағы шымылдық сыртында қалған оқиғаларды Olympic.kz сайты жариялады, деп хабарлайды “Екінші Тайм”.
Құрама спортшыларының алғашқы тобы олимпиадалық ауылға жеткенге дейін делегация өкілдері ойынды ұйымдастыру комитетімен бірге барлық атлетті тіркеуден өткізді. Сондай-ақ, спортшылар жайғасатын номерлерді қабылдап алды.
«Делегация құрамына кірген қызметкерлердің алғашқы жұмыс күндері ұйымдастыру комитетімен ресми кездесу өткіщіп, құрама спортшыларын тіркеуден басталады. Әрбір спортшының тегін бірнеше рет тексереміз. Сондай-ақ, спорт түрлері бойынша өтінім жасалып, спортшылардың аты-жөні, салмағы секілді мәліметтер түгел көрсетіледі.
Өтінім нақтыланып, қол қойылған соң, бөлмелерді қабылдау басталады. Біздің міндетіміз – әрбір номерді қарап, қабылдап, қол қою. Күнде таңертең ХОК ұйымдастыру комитетінің жұмысына қатысты жиналыс өткізеді. Бұл жиында әрбір ҰОК өз ұсынысын айтып, ұсынылған жағдайға қатысты сауалдарын шеше алады. Мұның бәрі бақылауда: тапсырма беріледі, ал келесі күні жауапты тұлғалар енгізілген өзгерістер жайлы есеп береді.
Шаторудағы Олимпиадалық ауылды қабылдап алуға бір тәулік уақыт берілді. Бұл Парижден 300 шақырымда орналасқан мекен. Одан бөлек, Қазақстаннан келетін сауалдарға жауап беру де біздің міндетімізге кіреді», – дейді Қазақстан ҰОК спорт Департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай.
Олимпиадалық ауыл қажетті инфрақұрылыммен түгел жабдықталған: мұнда үлкен асханадан бастап, сұлулық салонына дейін бар.
«Токио Олимпиадасымен салыстырғанда, Париждегі олимпиадалық ауыл ашық, қозғалысқа шектеу жоқ. Спортшылар үшін үлкен асхана, жаттығу залдары, фитнес-орталықтар, құлшылық жасайтын орындап, сондай-ақ, атлеттердің бір-бірімен кездесіп, бос уақыт өткізіп, жарыс көретін аймағы да бар. Оларға арнап түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Олимпиадалық ауыл аумағында сұлулық салоны, монша, шаштараз бар, медитация мен релаксацияға да орындар бөлінген», – дейді ол.
Бектұр Қиятбайдың айтуынша, атлеттердің мәзірге алаңдауына еш негіз жоқ. Мұнда тағам түрлері өте көп.
«ХОК мәзірді жергілікті диетолог аспаздармен бірлесе отырып дайындады. Тамақтану кезіндегі әрбір ерекшеліктер назарға алынды. Спортшылар көбірек жайғасқан сайын, секторлар да ашыла түседі. Азиялық, еуропалық, италиялық және халал секторлар ашық. Салмақ кезінде мәселе болмауы үшін мәзірде калорияға дейін жазылған. Бәрі ескерілген», – деп түсіндірді Қиятбай.
Қазақстандық спортшылар бас олимпиадалық ауылда және Шаторуда орналасқан кешенде тұрады.
«Біздің атлеттер негізгі олимпиадалық ауылда және Шаторуда тұрады. Соңғысында тек қана мергендер тұрады, себебі, бұл тек қана ату спорты түрлеріне арналған кешен.
Біз спортшылардың бірнеше легін орналастырлық. Логистикаға келгер болса, алғашында сұрақтардың көп болуы түсінікті жайт. Әрбір қаласының транспорт қозғалысында өз ерекшеліктері бар: кептелістер, жолайрықтар және т.б. Парижде бөлінген жолақтар бар, бірақ, бұрылу және ауысу кезінде қиындықтар туындайды.
Спортшылар үшін ешқандай проблема жоқ. Болған жағдайда да, елеусіз жайттар ғана. Барлығы ХОК және ұйымдастыру комитетінің қатысуымен тез шешіледі», – дейді ҰОК спорт департаментінің басшысы.
Олимпиадалық ауылда жалпы есебі 14,5 мың адам тұрды. Оның ішінде тоғыз мың спортшы бар. Қазақстан құрамасынан спорттың 25 түрі бойынша 80 атлет сынға түседі.
Фото: ХОК, Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті, MSN.