Олимпиада жүлдесін кеш алған қазақстандық спортшылар

Кейде Олимпиада ойындары біткеннен кейін бірнеше жылдан соң спортшылар медаль алып жатады. Себебі жүлдегер атанған спортшы допинг дауына ілігіп, медальдарынан айырылады. Ал медаль одан кейінгі орындағы спортшыға өтеді. Нұрбақыт Теңізбаев, Ольга Рыпакова секілді танымал спортшыларымыз да Олимпиада аяқталғаннан кейін медалін жақсартып алған. Мұндай жағдай қазақ спортында бірнеше рет тіркелді. “Екінші Тайм” порталы жүлдесін кешіктіріп алған спортшыларымыз туралы баяндайды.

Ольга Рыпакова

Ольга Рыпакова алғаш рет 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында өнер көрсетті. Ол кезде төртінші орын алған еді. Бірақ он жылдан кейін сол төртінші орны екінші орынға айналды.

Себебі Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері грекиялық Хрисопи Девецидің қанынан 2017 жылы станозол табылып, бұл медаль Рыпаковаға өткен еді.

Бірақ 2018 жылы одан да жақсы жаңалық келді. Күміс жүлде жеңіп алған ресейлік Татьяна Лебедевадан да допинг шықты. Сондықтан оның күміс медалі Ольга Рыпаковаға өтті.

Осылайша, Ольга Рыпакова өзі қатысқан үш Олимпиададан да жүлде жеңіп алды. Үш қарғып секіруден 2012 жылы Лондонда алтын медаль еншіледі, 2016 жылы Риода қола медаль иеленген болатын.

Алла Важенина

Бейжіңдегі нәтижесі жақсарған тағы бір спортшымыз – ауыратлет Алла Важенина. Ресей тумасы 2007 жылы Қазақстан азаматтығын алып, бір жылдан соң Олимпиадаға аттанды. Бейжің де 85 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алды.

2016 жылы ол Олимпиада чемпионы атанды. Рио емес, Бейжің Олимпиадасының. Себебі 2008 жылы алтын медаль алған қытайлық Цао Лэй бой гормонына қажет препараттар ішкен болып шықты. Осылайша, тыйым салынған дәрі ішкені үшін Лэй “алтынынан” айырылды.

Ал Алла Важенина “күмісін” алтын жүлдеге ауыстырды.

Нұрбақыт Теңізбаев

Бейжің Олимпиадасынан алыстамаймыз. 2008 жылы Қытай астанасында балуанымыз Нұрбақыт Теңізбаев 60 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алған еді.

Жартылай финалда ол әзербайжандық Виталий Рагимовқа жол берген. Ал Рагимов сол Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған еді. Сөйтсе, әзербайжандық спортшы да допинг қолданған болып шықты. Бұл сегіз жылдан кейін анықталды, Рагимовтің қанынан туринабол табылып, 2017 жылы ресми түрде жүлдесінен айырылған.

Осы жағдайдан кейін 2017 жылы Теңізбаевқа Бейжің Олимпиадасының күміс медалі берілді.

Дәулет Шабанбай

Қазақстандық тағы бір балуан Дәулет Шабанбай 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарынан жүлдесіз аяқтаған еді. Еркін күрестен 120 келіге дейінгі салмақта сынға түскен спортшымыз бесінші орын алған болатын. Бірақ 2022 жылы Шабанбай Олимпиаданың жүлдегері атанды.

Себебі сол салмақта алтын медаль алған өзбекстандық Артур Таймазов пен күміс жүлдегер атанған грузин Давид Модзманашвилидің қанынан допинг табылды. 2019 жылы екеуінің де допинг-сынамаларын қайта тексеру кезінде тыйым салынған препарат анықталған. Екеуі де бірден медалінен қағылды.

Осылайша, Дәулет Шабанбай бесінші орыннан бірден үшінші орынға көтерілді. 2022 жылы оған Белградтағы әлем чемпионаты кезінде Олимпиаданың қола медалі берілді.

Анна Нұрмұхамбетова

Ауыратлет Анна Нұрмұхамбетованың жағдайы тура Дәулет Шабанбайдікіне ұқсас. Анна 2012 жылы Лондон Олимпиадасында бесінші орын алған болатын.

2016 жылы Нұрмұхамбетова жүлдегер болып шыға келді. Себебі үшінші және төртінші орындарды Беларусь ауыратлеттері иеленген – Марина Шкерманкова мен Дина Сазоновец. Кейін екеуінен де допинг табылды. Анна болса, бесінші орыннан үшінші сатыға көтерілді.

Анна негізі сол 2012 жылы-ақ жүлдеге қол жеткізуі мүмкін еді. Себебі Лондон Олимпиадасында 69 келіге дейінгі салмақтағы жұлқа көтеруде Нұрмұхамбетова бірінші орынға шыққан. Алайда Беларусь құрамасының бапкері Анна зілтемірді дұрыс көтермегенін айтып, шу шығарған еді. Артынша төрешілер ақылдасып, қазақстандық зілтеміршінің нәтижесін есептемей тастаған. Сөйтіп, Анна серпе көтеруде де есесін қайтара алмай, бесінші орын алып қалған еді.

Денис Ұланов

Тағы бір ауыратлетіміз Денис Ұланов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада төртінші орын алған еді. Өте өкінішті төртінші орын еді. Себебі 85 келіге дейінгі салмақта екі жаттығу қорытындысы бойынша ол 390 келіні көтерген болатын. Румыниялық Габриэль Сэнкрыян да 390 келіні еңсерді. Ол Ұлановтан 200 граммға жеңілдеу болып, қола жүлдеді жұлып әкеткен болатын.

Бірақ 2016 жылы Ұланов қола медалін иелене алды. Румын спортшысының қанында тестостерон деңгейі көп болып, допинг-сынақтан өте алмай қалған. Осылайша, 2016 жылы желтоқсанда Ұлановқа Рио Олимпиадасының қола жүлдесі берілді.

Айта кетейік, бірнеше күннен кейін Парижде жазғы Олимпиада ойындары басталады. Қазақстан құрамасымен осы сілтеме арқылы таныса аласыздар.

Facebook
Threads
WhatsApp
VK
X
Telegram

Басты жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Соңғы жаңалықтар