Олимпиада тарихы: қазақ боксшыларының барлық нәтижесі

Қазақстан боксшыларының Олимпиада “алтынын” алмағанына сегіз жыл болды. Соңғы рет 2016 жылы Риода топ жарды. Биыл Париж Олимпиадасында екі боксшымыз ғана жартылай финалға жетті. Бұған дейінгі барлық Олимпиадада боксшыларымыздың нәтижесі қандай болды? “Екінші Тайм” порталы Олимпиадаға барған барлық боксшымыздың нәтижесін еске түсірді.

Атланта-1996

1996 жылғы Атлантада Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Бокс турниріндегі 12 салмақтың сегізіне қазақстандықтар жолдама жеңіп алды.

Атлантадан ел боксшылары төрт жүлдемен оралған еді. Василий Жиров 81 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді. Ол финалда Оңтүстік Корея боксшысы Ли Сын Бэні сенімді жеңді.

51 келіде Болат Жұмәділов финалға жетіп, кубалық Маикро Ромероға жол берді. Осылайша, күміс жүлде тақты. Ермахан Ыбрайымов (71 кг) пен Болат Ниязымбетов (63,5 кг) қола жүлде еншілеген еді. Екеуі де жартылай финалда кубалықтарға есе жіберді.

Нұржан Сманов ширек финалда жеңілсе, ауыр салмақтағы Михаил Юрченко 1/8 финалда, Бақтияр Төлегенов пен Бектас Әбубәкіров ең алғашқы кезеңде жарыс жолынан шығып қалған.

Қазақстан Атлантаның бокс турниріндегі медаль есебінде Куба мен АҚШ-тан кейін үшінші орын алған.

Сидней-2000

2000 жылы Олимпиада Сиднейде өтті. Боксшыларымыз 12 салмақтың жетеуіне жолдама алды. Бұл ең табысты Олимпиада болды. Төрт боксшымыз финалға шықты.

Төрт жыл бұрын 71 келіде “қола” алған Ермахан Ыбрайымов бұл жолы топ жарды. Жеңіс жолында Сирия, Венесуэла, Куба, АҚШ және финалда румын боксшысын жеңді.

Тағы бір алтын жүлдені 20 жастағы Бекзат Саттарханов еншіледі. 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол Румыния, ОАР, Түркия, Марокко және АҚШ боксшыларынан басым түсті.

51 келіде Болат Жұмәділов тағы да медаль алды. Бұл жолы да күміс жүлде. Ол финалда таиландтық боксшыға жол берді. 91 келіден жоғары салмақта Мұхтархан Ділдәбеков Куба, Өзбекстан боксшыларынан өтіп, финалда ұлыбританиялыққа есе жіберген.

Нұржан Керімжанов, Данияр Мұңайтпасов пен Олжас Оразалиев ширек финалда сүрінді.

Бокстағы медальдар есебінде Қазақстан тағы да үшінші орын алды. Бұл жолы Куба мен Ресей алда болды.

Афина-2004

2004 жылғы Афины Олимпиадасында бокстан 11 салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынды. Қазақстан оның сегізі бойынша бақ сынасты. Боксшыларымыз Грекиядан үш медальмен оралды.

69 келіге дейінгі салмақта Бақтияр Артаев Олимпиада чемпионы атанды. Бақтияр жартылай финалда Ресейдің, финалда Куба боксшысын қапы қалдырды.

75 келіде Геннадий Головкин де финалға шыққан еді, бірақ ол ресейлік Гайдарбек Гайдарбековтен жеңіліп қалды. Осылайша, “күмісті” қанағат тұтты.

Серік Елеуов (60 кг) болса, жартылай финалда ұлыбританиялық, қазір кәсіпқой бокс жұлдызы Амир Ханға жол берді.

Ал Галиб Джафаров пен Нұржан Кәрімжанов ширек финалда тоқтады. Сиднейде “күміс” алған Ділдәбеков те бұл жолы 1/4 финалда ресейлік Александр Поветкинге есе жіберді.

Мейіржан Рақымжанов пен Бейбіт Шүменов 1/8 финалда жеңіліп қалды.

Осылайша, бір алтын, бір күміс және бір қола жүлдемен тағы да медальдар есебінде үшінші орын алдық. Тағы да Куба мен Ресей алда болды.

Бейжің-2008

2008 жылы жазғы Олимпиада Бейжіңде өтті. Бокстан 11 салмақ болып, Қазақстан оның онына қатысты. Бейжіңнен екі медальмен ғана оралдық.

69 келі салмақта “алтын” тағы да Қазақстанға бұйырды. Бақыт Сәрсекбаев Канада, Румыния, Өзбекстан, Оңтүстік Корея және Куба боксшыларын сенімді жеңді. 81 келіде Еркебұлан Шыналиев жартылай финалға жетіп сүрінді. Онда турнир қожайыны қытайлық боксшыға жол беріп, қола медальға қол жеткізді.

Төрт боксшымыз ширек финалда жеңіліп қалды – Біржан Жақыпов, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев және Руслан Мырсатаев.

Мират Сәрсембаев, Қанат Әбутәліпов, Мерей Ақшалов 1/8 финалдан тоқтады. Галиб Джафаров алғашқы қарсыласына жол берді.

Бұл жолы медальдар есебінде Қазақстан Украинмен бірге 7-орын алды. Үздік үштікте Қытай, Ресей және Италия болды. Басты сенсация – Куба боксшыларының ешқандай алтын медаль ала алмауы.

Лондон-2012

2012 жылы Лондонда алғаш рет Олимпиадаға әйелдер боксы қосылды. Ерлерде 10, әйелдерде 3 салмақ дәрежесі болды. Қазақстан құрамасынан тоғыз ер, екі қыз боксшы аттанды.

Қазақстан құрамасы Лондоннан төрт жүлдемен оралды. Оның біреуі – алтын. Тағы да 69 келі. Серік Сәпиев қарсылас шақ келтірген жоқ.

Ал 81 келіде Әділбек Ниязымбетов финалда Егор Мехонцевтен жеңіліп қалды. Иван Дычко мен әйелдер арасында Марина Вольнова қола медальға қол жеткізді. Дычко жартылай финалда танымал ұлыбританиялық Энтони Джошуаға есе жіберді.

Біржан Жақыпов, Ғани Жайлауов, Данияр Елеусінов ширек финалда сүрінді. Ілияс Сүлейменов, Қанат Әбутәліпов 1/8 финалда жеңілді. Ал Данабек Сужанов пен Саида Хасенова алғашқы жекпе-жегінде қарсыластарына есе жіберді.

Лондонда Қазақстан боксшылары Ирландиямен бірге 5-орын алды. Турнир қожайыны Ұлыбританиядан, Украина, Куба және Ресейден қалып қойды.

Рио-де-Жанейро-2016

2016 жылы Рио-де-Жанейрода бокстағы салмақ дәрежесі тура Лондондағыдай болды. Ерлер құрамасы толық құрамда барса, әйелдер боксынан екі өкіліміз аттанды.

Бразилияда бес жүлде жеңіп алдық. 69 келі тағы да Қазақстан еншісінде. Бұл жолы Данияр Елеусінов топ жарды. Ол финалда өзбек боксшысы Шахрам Гиясовтан айласын асырды.

81 келіде Әділбек Ниязымбетов тағы да “күміс” алды. Бұл жолы кубалық Хулио Сесар ла Крусқа жол берді. 91 келіде Василий Левит те финалға жеткен еді, төрешілер жеңісін “ұрлап кетті”. Алтын медальға таласта ресейлік Евгений Тищенконың жеңуін бүкіл әлем масқара деп бағалаған еді.

Иван Дычко мен Дариға Шәкімова болса, қола жүлдеге қол жеткізді.

Біржан Жақыпов пен Жәнібек Әлімханұлы ширек финалда сүрінді. Олжас Сәттібаев пен Қайрат Ералиев 1/8 финалда есе жіберді. Жайна Шекербекова ширек финалдан бастады да, бірден жеңілді.

Қазақстан Риодағы медальдар есебінде төртінші орын алды. Алғаш рет Өзбекстан көш бастады. Куба екінші, Франция үшінші орынға табан тіреді.

Токио-2020

Токио Олимпиадасына коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылы өткен еді. Ерлер боксында сегіз, әйелдер боксында бес салмақ дәрежесі болды. Қазақстанның ерлер құрамасы тағы да толық құраммен барса, әйелдерден жолдаманы тек Надежда Рябец еншіледі.

Бұл Қазақстан бокстан алтын медаль ала алмаған алғашқы Олимпиада болды. Қоржынға тек екі медаль түсті – екеуі де қола.

52 келіде Сәкен Бибосынов пен 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев қола медаль иеленді.

Зәкір Сафиуллин, Әбілхан Аманқұл ширек финалда жеңілді. Серікжан Теміржанов, Абылайхан Жүсіпов, Бекзат Нұрдәулетов, Василий Левит 1/8 финалдан қайтты. Надежда Рябец жарысты 1/8 финалдан бастап, сол кезеңмен аяқтады.

Медальдар есебінде біздің құрама 14-орын алды. Куба, Ұлыбритания және Ресей Олимпиада комитеті үздік үштікке енді.

Жалпы, Қазақстан құрамасы Олимпиадада жеті алтын медаль жеңіп алды. Бүгінге дейін барлығы 25 жүлде жеңіппіз. Оған биылғы екі медальді қосуға болады, бірақ Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбайдың жүлделері қандай екені әзірше белгісіз.

“Екінші Тайм” назарларыңызға Олимпиадаға қатысқан барлық боксшымыздың нәтижесін ұсынады:

Ермахан Ыбрайымов – екі рет қатысты: алтын медаль (2000 жылы), қола медаль (1996)

Бекзат Саттарханов – бір рет қатысты: алтын медаль (2000)

Василий Жиров – бір рет қатысты: алтын медаль (1996)

Бақыт Сәрсекбаев – бір рет қатысты: алтын медаль (2008)

Бақтияр Артаев – екі рет қатысты: алтын медаль (2004), ширек финал (2008)

Серік Сәпиев – екі рет қатысты: алтын медаль (2012), ширек финал (2008)

Данияр Елеусінов – екі рет қатысты: алтын медаль (2016), ширек финал (2012)

Болат Жұмәділов – екі рет рет қатысты: екеуі де күміс медаль (1996, 2000)

Әділбек Ниязымбетов – екі рет қатысты: екеуі де күміс медаль (2012, 2016)

Мұхтархан Ділдәбеков – екі рет қатысты: күміс медаль (2000), ширек финал (2004)

Геннадий Головкин – бір рет қатысты: күміс медаль (2004)

Василий Левит – екі рет қатысты: күміс медаль (2016), 1/8 финал (2020)

Иван Дычко – екі рет қатысты: екеуі де қола медаль (2012, 2016)

Болат Ниязымбетов – бір рет қатысты: қола медаль (1996)

Серік Елеуов – бір рет қатысты: қола медаль (2004)

Еркебұлан Шыналиев – бір рет қатысты: қола медаль (2008)

Марина Вольнова – бір рет қатысты: қола медаль (2012)

Дариға Шәкімова – бір рет қатысты: қола медаль (2016)

Сәкен Бибосынов – екі рет қатысты: қола медаль (2020), ширек финал (2024)

Қамшыбек Қоңқабаев – екі рет қатысты: қола медаль (2020), 1/8 финал (2024)

Біржан Жақыпов – үш рет қатысты: үшеуі де ширек финал (2008, 2012, 2016)

Нұржан Керімжанов – екі рет қатысты: екеуі де ширек финал (2000, 2004)

Нұржан Сманов – бір рет қатысты: ширек финал (1996)

Данияр Мұңайтпасов – бір рет қатысты: ширек финал (2000)

Олжас Оразалиев – бір рет қатысты: ширек финал (2000)

Галиб Джафаров – екі рет қатысты: ширек финал (2004), 1/16 финал (2008)

Руслан Мырсатаев – бір рет қатысты: ширек финал (2008)

Ғани Жайлауов – бір рет қатысты: ширек финал (2012)

Жәнібек Әлімханұлы – бір рет қатысты: ширек финал (2016)

Жайна Шекербекова – бір рет қатысты: ширек финал (2016)

Зәкір Сафиуллин – бір рет қатысты: ширек финал (2020)

Әбілхан Аманқұл – бір рет қатысты: ширек финал (2020)

Қанат Әбутәліпов – екі рет қатысты: екеуі де 1/8 финал (2008, 2012)

Михаил Юрченко – бір рет қатысты: 1/8 финал (1996)

Мейіржан Рақымжанов – бір рет қатысты: 1/8 финал (2004)

Бейбіт Шүменов – бір рет қатысты: 1/8 финал (2004)

Мират Сәрсембаев – бір рет қатысты: 1/8 финал (2008)

Мерей Ақшалов – бір рет қатысты: 1/8 финал (2008)

Ілияс Сүлейменов – бір рет қатысты: 1/8 финал (2012)

Саида Хасенова – бір рет қатысты: 1/8 финал (2012)

Олжас Сәттібаев – бір рет қатысты: 1/8 финал (2016)

Қайрат Ералиев – бір рет қатысты: 1/8 финал (2016)

Серікжан Теміржанов – бір рет қатысты: 1/8 финал (2020)

Абылайхан Жүсіпов – бір рет қатысты: 1/8 финал (2020)

Бекзат Нұрдәулетов – бір рет қатысты: 1/8 финал (2020)

Надежда Рябец – бір рет қатысты: 1/8 финал (2020)

Бақтияр Төлегенов – бір рет қатысты: 1/16 финал (1996)

Бектас Әбубәкіров – бір рет қатысты: 1/16 финал (1996)

Данабек Сужанов – бір рет қатысты: 1/16 финал (2012)

Facebook
Threads
WhatsApp
VK
X
Telegram

Басты жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *