Париждегі Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшы Назым Қызайбай жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды “Екінші Тайм”.
50 келі салмақта ширек финалда Назым колумбиялық Ингрит Лорена Валенсия Викториямен жұдырықтасты. Қызайбай төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, қазақстандық боксшы жартылай финалға шығып, жүлдеге қол жеткізді. Назымға дейін Нұрбек Оралбай жартылай финалға өткен болатын.
Назым Қызайбай жартылай финалда әлем чемпионы, 2022 жылғы Азиада чемпионы Ву Юмен кездеседі.
Еске салайық, Назым алғашқы кезеңде италиялық Джордана Соррентиномен жұдырықтасты. Қазақстандық боксшы бұл жекпе-жекте қарсыласын сенімді жеңген болатын. Ал 1/8 финалда бразилиялық Каролин Брабоса де Алмейдадан басым түскен еді.
5