Парижде үш “күміс”. Демеу Жадыраев туралы не белгілі?

Қазақстандық балуан Демеу Жадыраев Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. 34 жастағы спортшының жеткен жетістігі мол. Әлем және Азия чемпионаттарында медаль алды, Олимпиада финалында белдесті. Үш рет Париждегі байрақты доданың күміс жүлдесін еншілеген балуан. “Екінші Тайм” порталы назарларыңызға Демеу Жадыраевтың өмірбаянын ұсынады.

Демеу Жадыраев 1989 жылы 2 қарашада Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Үшарал аулында дүниеге келген.

Жадыраев күреспен 2001 жылдан бастап айналысады. Алғашқы бапкері – Жұмахан Тұрғанбек. Ал 2007 жылдан бері Боранбек Қоңыратовпен жаттығады.

Жадыраевтың алғашқы үлкен жарысы 2014 жылғы әлем чемпионаты болды. Бірақ Ташкенттегі турнирде екі қарсыластан өтіп, армениялық Варшам Бораняннан жеңіліп қалды. Осылайша, 8-орынға табан тіреген еді.

Демеу Жадыраев 2014 жылы Франция Гран-Приі кезінде

Алғашқы үлкен жүлдесін Демеу 2015 жылы жеңіп алды. Сол кезде Азия чемпионатының 66 келідегі қола жүлдегері атанған. Сол 2015 жылы АҚШ-тағы Дэйв Шульц халықаралық мемориалына қатысып, алтын жүлдеге қол жеткізді.

Бір жылдан кейін әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионатына барып, тағы да “қола” алған.

2017 жылы қазақстандық балуан әлем чемпионатының финалына жетті. 71 келіде сынға түскен отандасымыз финалда германиялық Франк Штеблерге жол беріп, күміс жүлде еншіледі. Бұл қазақстандық балуанның әлем чемпионатындағы жалғыз жетістігі болып тұр. Жалпы, Жадыраев әлем чемпионатына бес рет қатысты.

Одан кейін үш рет Азия чемпионатынан медальмен оралды. 2018 жылы Бішкекте финалда қырғызстандық Ақжол Махмудовқа есе жіберіп, “күміс” алды. 2019 жылы қытайлық Сианьде және 2021 жылы Алматыда Азия біріншілігінің қола медалін еншіледі.

Демеу Жадыраев Олимпиада ойындарына екі рет қатысты. Алғаш рет 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бақ сынаған, бірақ 77 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында жапон балуаны Шохей Ябикуға жол берген.

Демеу Жадыраев пен Шохей Ябику белдесуі. Токио Олимпиадасы

Екінші рет қазақстандық балуан 2024 жылғы Париж Олимпиадасында өнер көрсетті. 1/8 финалда колумбиялық Хаир Алексис Куэро Муньосты сенімді жеңді. Ал ширек финалда сенсация жасап, екі дүркін әлем чемпионы қырғызстандық Ақжол Махмудовтан айласын асырды. Жартылай финалда Демеу әлемнің екі дүркін вице-чемпионы әзербайжандық Санан Сулеймановтен басым түсті. Осылайша, Жадыраев финалға жолдама алған. Бірақ алтын медаль сарапқа салынған белдесуде қазақстандық балуан жапониялық Нао Кусакадан жеңіліп қалды.

Демеу Жадыраев пен Нао Кусака белдесуі. Париж Олимпиадасының финалы

Демеу Жадыраевтың жетістіктері:

2015 жыл. Дохадағы Азия чемпионаты. Қола медаль

2016 жыл. Әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионаты. Күміс медаль

2017 жыл. Париждегі Гран-При. Күміс медаль.

2017 жыл. Париждегі әлем чемпионаты. Күміс медаль.

2018 жыл. Бішкектегі Азия чемпионаты. Күміс медаль

2018 жыл. Венгриядағы Гран-При. Қола медаль

2019 жыл. Сианьдегі Азия чемпионаты. Қола медаль

2020 жыл. Франция-Анри Деглан Гран-Приі. Алтын медаль

2021 жыл. Алматыдағы Азия чемпионаты. Қола медаль

2024 жыл. Париждегі жазғы Олимпиада ойындары. Күміс медаль

Facebook
Threads
WhatsApp
VK
X
Telegram

Басты жаңалықтар

4 Responses

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *