QFL Лига кубогының жартылай финалына шыққан командалар анықталды, деп хабарлайды “Екінші Тайм”.
А тобында “Қайрат” бірінші орын алды. Үшінші турда алматылық команда “Таразды” 3:0 есебімен жеңді. Осылайша, 7 ұпай жинап, келесі кезеңге шықты. Бірінші лигада ойнайтын “Ақжайық” өз алаңында “Қызылжарды” 2:1 есебімен жеңіп, сенсация жасады. Осылайша, “Қызылжар”, “Тараз” бен “Ақжайық” үшін турнир аяқталды.
В тобында сенсация болды. “Жеңіс” жартылай финалға жолдама алды. Олар үшінші турда “Ақтөбеден” 1:2 есебімен жеңілгенімен, көш басындағы орнын сақтап қалды. “Ақ-қызылдардың” бірінші орын алуына бір гол жетпеді. Екеуі де алты ұпайдан жинап, “Жеңіс” қосымша көрсеткіштер арқасында шықты. “Қайсар” болса, өз алаңында “Тобыл” жастарын 5:1 есебімен тас-талқан етті. Бұл ұжымдар да жарысты жалғастыра алмайды.
С тобында “Елімай” топ жарды. Семейлік клуб үшінші турда “Атыраумен” жолдаманы сарапқа салған. 3:0 есебімен семейліктер сенімді жеңді. “Атыраумен” қатар “Ордабасы” мен “Тұран” да жарыс жолынан шығып қалды.
D тобының жеңімпазы “Астана” болды. Елордалық клуб үш ойында алты ұпай еншіледі. Дәл сонша ұпай жинаған “Каспий” қосымша көрсеткіштер бойынша қалып қойды. “Жетісу” мен “Шахтер” үш ұпайдан ғана жинай алды.