Қазақстандық Әсел Сабыржанқызы Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің портретін жасап, желі қолданушыларының жоғары бағасын алды, деп хабарлайды “Екінші Тайм”.
Әсел қағазды қайшымен қию арқылы ғана чемпионды бейнелеген.
“Қазақстанға Париждегі турнирдің алғашқы алтынын әкелген Елдос Сметовты құттықтаймын! Дзюдо, бұл ең күрделі спорт түрлерінің бірі, оған 198 ұлттық федерация кіреді, бірақ біздің чемпионның арқасында қазір барлығы тек Қазақстан туралы айтып жатыр. Барлық спортшыларға зор денсаулық пен сәттілік тілеймін! Елдос жол ашып, барлығына үлгі болды. Мұндай нәтиже үшін қаншама еңбек пен қаншама тер төгілді. Алға Қазақстан!”, – деп жазды ол.
Видео Instagram желісінде 178 мың қаралым мен 15 мыңға жуық лайк жинаған.
“Мен мұндай қайшымен тырнағымды да ала алмаймын, ал сен шедевр жасап шықтың”, “Әсел, сіз сиқыршысыз. Қағаз бен қайшымен портрет жасау өте тамаша”, “Не деген өнер, не деген талант бұл. Елдос чемпионымызға ерекше сый деп ойлаймын”, “Неткен талант иесісіз! Сіздің өнеріңізге тәнтімін!”, “Сіз біздің ғаламшарымыздан емессіз”, – деп жазып жатыр желі қолданушылары.
Еске салайық, Елдос Сметов Париж Олимпиадасының алғашқы күні алтын медаль жеңіп алған еді. Бұл әзірше Париждегі жалғыз “алтнымыз”. Одан бөлек екі қола жүлде бар.