Қазақстандық теннисші, әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцева Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды “Екінші Тайм” тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 77-ракеткасы, ұлыбританиялық Хэрриет Дартпен ойнады.
Бірінші партияны Дарт 6:4 есебімен өз пайдасына шешкенімен, одан кейін Путинцеваға қарсылық көрсете алған жоқ. Қазақстандық спортшы бет қаратпады – 6:0, 6:1.
Бір сағат 47 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 9 брейк-пойнттың жетеуін құр жіберген жоқ. Дарт 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Екінші айналымда Юлия Путинцева әлемнің 2-ракеткасы, америкалық Кори Гауфпен кортқа шығады.
Доданы екінші айналымнан бастайтын Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакинаның қарсыласы кейін анықталады.
Ю.Путинцева жарақатына, Е.Рыбакина денсаулығына байланысты Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартқан еді.
Қазіргі кезде Ю.Путинцева WTA Live рейтингісінде 30-орынға көтеріліп тұр.
Жүлде қоры 3,2 млн АҚШ долларынан асатын жарыс 19 тамызда мәресіне жетеді. Өткен жылы финалда Каролина Мухованы 6:3, 6:4 есебімен қапы қалдырған К.Гауфф үздік шыққан болатын.