Париждегі Олимпиада ойындарында бокстан Өзбекстан атынан сынға түскен қазақ боксшысы Руслан Абдуллаев ширек финалда жеңіліп қалды, деп хабарлайды “Екінші Тайм” тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
63,5 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қандасымыз ширек финалдық бәсекеде Панамерика ойындарының чемпионы, канадалық былғары қолғап шебері Уайатт Сэнфордке жол беріп қойды.
Руслан Абдуллаев – 2022 жылы Амманда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. Сондай-ақ 2023 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінде топ жарған. Бокстан Өзбекстанның ерлер командасы толық құрамда (7 боксшы) ширек финалға шыққан болатын.
Осылайша, қазіргі уақытта бокстан Өзбекстанның ерлер құрамасынан бір ғана боксшы жарыс жолынан шығып қалды. Бұл байрақты бәсекеде Қытай атынан қатысқан тағы бір этникалық қазақ боксшысы Тоқтарбек Таңатқан жарыстың алғашқы айналымынан аса алмаған болатын.
Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті 63,5 кг салмақта жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсірді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қазақстандық боксшылардың арасынан Сәкен Бибосынов пен Нұрбек Оралбай ғана жарыс жолын одан әрі жалғастырады.