Винокуровтың ізбасары жарақатына байланысты Олимпиадаға қатыса алмауы мүмкін

Велошабандоз Алексей Луценко “Тур де Франс” көпкүндігінің 17-кезеңін тізе жарақатына байланысты аяқтай алмаған еді. Осының салдарынан велошабандоз Париж Олимпиадасына қатыса алмауы мүмкін, деп хабарлайды “Екінші Тайм” тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Cпортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлегенің мәліметіне сүйенетін болсақ, Алексей Луценко жарақатына байланысты Париж Олимпиадасына қатыса алмауы мүмкін.

“Алексей Луценко жарақат алып, қазіргі уақытта олимпиадалық веложарысқа қатысатын қазақстандық спортшылар арасында ауыс-түйіс болып жатыр. Алексей Луценконың орнына жекелей сында Евгений Федоров өнер көрсетеді. Бастапқы уақытта Алексей Луценко жекелей және топтық сында өнер көрсетуі керек болса, енді ол тек топтық сындағы бәсекеге ғана қатыса алады. Ал Федоров екі бәсекеде де өнер көрсетеді. Оның үстіне, Алексей Луценко топтық сындағы жарысқа дейін қалпына келеді деп сенейік”, – деді Аян Төлеген Telegram желісіндегі ресми арнасында.

Айта кетейік, “Астана” велокомандасының шабандозы Алексей Луценко “Тур де Франс” көпкүндігінің 17-кезеңін жарақатына байланысты аяқтай алмаған еді. Сол жақ тізесінен жарақат алып, жарыстан шығып қалған.

Қазақстан командасының көшбасшысы Алексей Луценко үшін бұл мансабындағы екінші Олимпиада болмақ. Ол бұған дейін Токиодағы бәсекеге қатысып, топтық жарыста 21-орын, ал жекелей сында 32-орынға ие болған. Ол 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарына жарақатына байланысты қатыса алмаған еді. Сондай-ақ Алексей Луценко Азия ойындарының төрт дүркін жеңімпазы. Ол “Вуэльта” мен “Тур де Франс” кезеңдерінде жеңіске жеткен.

Facebook
Threads
WhatsApp
VK
X
Telegram

Басты жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *